Қазақстанда соңғы жылдары интернеттегі алаяқтық жағдайлары 2,5 есеге өсті. Пандемия онлайн-төлемдерге көшуге түрткі болды, тіпті банк карталарын сирек қолданатын азаматтар да қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшті. Олардың артынан интернеттегі алаяқтар саны да арта түсті.

Сіздің атыңызға несие рәсімделді

Алаяқтың бұл айласына кез келген адам түсуі мүмкін. Себебі қылмыскер жәбірленушінің жақтасы сияқты сыңай танытып, оған тығырықтан шығудың жолын ұсынады.  Бұл тәсіл көптеген қазақстандықтарға жақсы таныс. Өкінішке қарай, білімді және сауатты адамдар дәл осыған жиі ұрынады.

Сізге банк менеджерінен немесе банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау түседі. Телефонның арғы жағындағы сенімді дауыс сіздің аты-жөніңіз атап, өзін таныстырады және сізге белгілі бір сомаға онлайн несие берілгенін хабарлайды. Яғни «қырағы» банк қызметкерлері операцияны уақытында қадағалап отырғандай көрінеді. Ал операцияны болдырмау үшін сіздің көмегіңіз қажет екенін айтады.

Бұдан кейін алаяқ, әдетте, бірқатар әрекетті орындауды өтінеді. Сізден бас тарту пәрменін беруді, сондай-ақ, жеке деректер сұралуы мүмкін. Осылармен қатар, алаяқ сізден SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Оны айта отырып, сіз қылмыскерге ақшаңыздың кілтін бересіз. Код оларға парольді өзгертуге, жеке кабинетке кіруге, содан кейін кез-келген операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұдан соң, оның айласы тағы да жалғасуы мүмкін. Барлық манипуляцияларды жүргізгеннен кейін банктің жалған қызметкері қалай болғанда да несиенің рәсімделгенін айтады. Бірақ ол сізге қарызды тез жабудың амалын қарастырады. Ол үшін сізге банкоматтан қолма-қол ақшаны алып, оны өз картаңызға жіберу керектігін айтады. Ал сіз бұған дейін алаяқтың жеке кабинетіңізге кіруіне өзіңіз рұқсат берген боласыз. Демек, енді оған қаражат қолжетімді. Істің соңында сіздің картаңыз бос, ал несиеңіз өтелмеген күйінде қалады.

Күдікті операция

Алдыңғы тәсілдегідей сізге жалған банк қызметкері қоңырау шалады. Айтпақшы, заманауи технологиялардың көмегімен қылмыскер банктің ресми байланыс орталығының нөмірімен сай келетін нөмірден хабарласуы мүмкін. Алаяқ өзін менеджер ретінде таныстырып, сіздің картаңызда күдікті әрекет тіркелгенін хабарлайды. Әдетте сізге бейтаныс адамның аты-жөні айтылып, оның шотына сіздің картаңыздан басқа қалада аударым жасалғаны туралы хабар беріледі.

Мұнда алаяқ сізге жақтас болып көрінеді. Ол ақшаның әлі аударылмағанын және операцияны болдырмау үшін шұғыл түрде бірнеше команданы орындау керектігін айтады. Әдетте, барлық зардап шеккендер бұл тәсілде алаяқтар өздеріне өте сенімді екенін айтады. Олар банктік терминдермен жұмыс істеп, кәсіби сөз саптауын сақтайды, тіпті белгілі бір «дауыстық жүйелерге» ауысады. Онда аляқтың құрбаны «банктік құпияны сақтау» үшін SMS арқылы келген кодты хабарлауы керек.

Нәтижесінде бәрі әдеттегі сценарий бойынша қайталанады: кодты хабарлағаннан кейін қылмыскер сіздің жеке кабинетіңізге кіруге мүмкіндік алып, барлық қолжетімді қаражатты есептен шығарады.

Мобильді қосымшаны қайта орнатыңыз…

Алаяқтықтың тағы бір жаңа әдісі –  телефон арқылы банктің мобильді қосымшасын қайта орнатуды сұрауы. Алаяқ өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, сіздің банк қосымшасындағы аккаунтыңызды әлдекімнің бұзғанын хабарлайды. Олқылықты реттеу үшін қауіпсіздік мақсатында сізге телефондағы қосымшаны жойып, жаңасын орнату керек. Бұл ретте алаяқ сізге сілтеме жібереді.

Жіберілген сілтеменің ішінде банктің қауіпсіздік саясатын жаңарту, қосымшаны қорғау үшін антивирус орнату және басқа да ұсыныстар болуы мүмкін. Мұндағы мақсат —  сілтеменің ішінде көрсетілген қосымшаны телефонға орнату. Әдетте, бұл сіздің банкіңіздің қосымшасына өте ұқсас. Көптеген адамдар сілтеменің күдікті екеніне мән бермейді.

Қажетті қосымшаны орнатқаннан кейін, қылмыскер сіздің телефоныңызды онлайн түрде еркін қолдана алады.

Менің ақшамды қайтарыңыз…

Бұл тәсілде алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырмайды. Алдымен сіздің шотыңызға белгілі бір соманың аударылғаны туралы хабарлама келеді. Содан кейін бейтаныс адам қоңырау шалып, ол сізге қате ақша жібергенін айтады және басқа шотқа қайтаруды немесе телефон балансына тастауды, болмаса терминал арқылы қызметті төлеуді сұрайды.

Әдетте, бұл жерде әңгіме 2000 мен 10 000 теңгенің аралығындағы сома жайында. Телефонның арғы жағындағы қылмыскер зардап шегушінің аяушылық сезімін оятуды көздейді. Алаяқ аталған соманың өз шотындағы соңғы ақшасы екенін және оның дәрі-дәрмекке немесе оқуға шұғыл түрде керектігін айтады.  Ақшаны қайтару үшін банкке барып, өтініш жазбай-ақ, қаражатты қажетті шотқа аударуды сұрайды.

Шындап келгенде, сізге ешқандай ақша түспеген, ал қаражат туралы хабарлама жаппай тарату қызметі арқылы немесе банк нөміріне ұқсас нөмірден жіберілген. Бірақ қоңырау шалушының шұғыл түрдегі өтініші сіздің мұндай ұсақ-түйектерге назар аудармауыңызға бағытталған.

Не істеу керек?

Алаяқтар қолданған барлық айла-тәсілдер психологиялық әдістерге байланысты. Яғни олар өз қылмыстарының құрбандарына жақтасып, алдымен оның сеніміне кіруді көздейді. Бұған дейін айтып өткендей, қоңырау шалушы «ақшаңызды сақтап қалуға көмектескісі келетін» сыңай танытады. Я болмаса, ақша аудару кезінде шоттан жаңылысқандай болады.

Тағы бір фактор — шұғыл әрекет ету. Сізге немесе қоңырау шалушыға қандай да бір қауіп төніп тұрғандай әңгіме айтылады. Мұндай төтенше жағдай адамды әдеттегі мінез-құлқынан айыру үшін жасалады.

Қалған барлық жағдайларда қылмыскер сәттілікке және сіздің алданып қалуыңызға үміт артады. Сондықтан, егер сізге хабарлама күдікті болып көрінсе, онда оны қайта тексергеніңіз абзал.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here